Skip to main content

ГККП Детский сад №33 "Нұрсәт"

Государственного учреждения
"Отдел образования г. Актобе"

Адрес: Республика Казахстан, город Актобе, 12-й микрорайон, 15В
Время работы: ПН-ПТ 08:00-18:30
Почта: do_nursat33@mail.ru

Пилотный проект

«Құзіреттілік орталықтары»,

«Мектепке дейінгі ұйымдар тобында күні бойы екі тәрбиеші»

пилоттық жобалардың

өткізілуі бойынша қорытынды талдау нәтижелері

МКҚК №33 «Нұрсәт» балабақшасының базасында Мектепке дейінгі ұйымның тәжірибесінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие саласындағы озат тәжірибені тарату және еңгізу мақсатында  «Мектепке дейінгі тәрбие мен  оқытуды дамыту модельін» іске асыру шеңберінде «Құзыреттілік орталықтары», «Мектепке дейінгі ұйымдағы топта күн бойында екі тәрбиеші» пилоттық жобасын өткізілетін эксперименттік алаңдарды ұйымдастырылып, ECERS-R сапаны бағалаудың халықаралық шкаласы бойынша бағаланып өткізілді.

Пилоттық жобаның мақсаты — мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінде апробациядан өткен және ұсынылған инновацияларды одан әрі тарату үшін объективті бағалау және шешімдерді әзірлеу мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы педагогикалық тәсілдердің пәрменділігін практикада тексеру.

Пилоттық жобаның  міндеттері:

  • тікелей әкімшілік басқарудан мотивациялық жүйе қалыптастыруға, педагогтердің шығармашылық бастамасын дамытуға көшу;
  • баланың дамуына әсер ететін қоршаған ортаның нақты көрсеткіштері негізінде білім беру қызметтерін көрсету сапасын басқару тетігін әзірлеу;
  • мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің кәсіби деңгейін арттыру;
  • сапалы білім беру қызметтерін ұсынуда мектепке дейінгі ұйымдардың әлеуетін арттыру;
  • мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы көшбасшы-басқарушылар корпусын құру;
  • білім беру сапасының көрсеткіштері төмен мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін жақсарту.

Пилоттық жобалардың критерийлері:

заманауи талаптарға жауап беретін материалдық-техникалық база;

заттық-дамытушылық орта;

білікті педагогтер;

үздік педагогикалық тәжірибе;

ата-аналарды тартудың тиімді тәжірибесі.

«Мектепке дейінгі ұйымдағы топта күн бойында екі тәрбиеші» пилоттық жобасына  МКҚК №33 «Нұрсәт» балабақшасының 2 ересек (4-5 жас) орыс және қазақ тобы қатысып отыр. Орыс тобында 30 бала, қазақ тобында 32 бала жалпы алғанда екі топ бойынша 62 бала 4 тәрбиеші қатысып отыр.

I. Жобаларды жүзеге асыруға 4 тәрбиеші, 62  бала, 115 ата-аналар қатысты.

ІІ. Педагогтармен жұмыс:

  • Күнделікті тәрбиешілердің бақылауы (қосымша 2) 

               Екінші қосымшаға сәйкес біз Утегулова М.Т және Сарсенбаева О.А өз бақылауымызды күнбе- күн жүргізіп отырдық. Енді екі ай жан-жақты, белсенді, шынайы жұмыс барысында күні бойы біз балалармен тығыз жұмыс жасап, күн тәртібінен ауытқымай ақ  балалармен қызықты ойын сабақтар, қызықты сәттер өткізіп, жан-жақты ата –аналармен бірлескен түрде жұмыстар жүргізіп отырдық. Жәнеде ол өзінің оң нәтижесін берді деп айтуға болады. Топтағы балаларымызды бақылау негізінде іс-әрекеттері, заттық дамытушы ортаға қажеттіліктері, көңіл күйлері бақыланып, жұмыстар жүргізіліп отырды. Бақылау барысында балалардың қызығушылықтарын анықтау мүмкіндігі өте көп. Балабақшаға келгенде балалар бір-біріне, тәрбиешілерге яғни бізге қайырлы таң тілеп, амандасып, көңіл күйін өзі бағалап топқа кіреді. Қиналып келсе көңіл күйін сұрап, сол баламен жеке әңгіме жүргізіледі. Көңіл күй шеңбері құрылып, балалар бір бірімен қызықты күлкілі әдісте амандасты және ол балаларға ұнады. Біз топта гигиеналық шараларды сақтай отыра, өзіне-өзі қызмет көрсетуге үйретуді ары қарай жалғастырудамыз. Баланың жұмысын бақылай отырып, әр жұмысты қаншалықты таза және ұқыпты жасағанын, балалардың ішінде қайсысы өзі таңдаған ойынның мәресіне жете алғанын, таңдап алған дидактикалық логикалық ойындардың, сюжетті-рөлдік ойынның мазмұнын, ережесін меңгере алғанын бақылап   анықтап  отырдық. 

           Ойындарды бақылау процесінде немесе жалпы күні бойы топта бір-біріне көмек көрсетуді, бір бірін тыңдай естей білуді  толығымен үйрету үшін тәрбиеші балаларға қандайда бір дұрыс ұсыныс бағыт беріп, балалардың ойларымен санасып отыру қажет.

          Сонымен қатар біз балаларға топтың ережесін әрқашан айту арқылы белгілі бір тәртіпке үйреттік және бұл кезең өте нәтижелі және қызықты болды. Міне осылайша  балаларда топтағы кеңістікті-заттық дамытушы ортаны дұрыс ережеге сай пайдалана білу ұғымы қалыптасты.

         Балаларға әрқашан әркезде таңдау жасауға мүмкіндік беріп отырдық Мен тәрбиеші ретінде балаға таңдау беру арқылы не жасағысы келетінін білемін. Әр балаға жеке көңіл бөліп, ойнаған ойынына, іс әрекетіне қарап жақынырақ танимын. Балалардың өздері таңдаған іс әрекетті аяқтауға мүмкіншілік беремін, дегенмен шығармашылық ойынға көбірек уақыт керек. Ойын барысын бұзбас үшін кестеге сәйкес ойынды жалғастырамын. Балалардың көңіл күйі түспес үшін кітаптар оқып, ойындар ойнатамын. Ойын бала үшін маңызды. Ойынның уақыты келгенде қуанады. Балалар арасында келіспеушілік те болады. Олардың арасында жылы қарым қатынас орнату үшін жылы сөздерді айтамыз, жылулық шеңберін құрамыз.

        Балаларға ойнауды үйрету үшін ойынның мазмұнын, ережесін нақты түсіндіремін. Топтағы балалардың үніне құлақ асуға аса қарқынды мән берілуде. Ұялшақ балаларға сұрақ қою, әңгімелесу, сюжетті рөлді ойындарға қатыстыру арқылы олардың сөйлеуіне, сөздік қорының молайтуға баса назар салынуда. Олар бір-бірімен сөйлесуіне ықпал ете отырып, еркін өз ойын жеткіуге жұмыстар жүргізілуде.Түрлі тақырыптарда тақпақтар, өлең шумақтарын жаттап, педагогтар балалардың есте сақтау қабілетін дамытуда.

Пилоттық жобадағы шарт бойынша екі тәрбиеші жұмыстарды бірге, бірлесіп, ынтымақтасып жүргізуде. Еркін әрі шығармашылық ойындарға уақытты барынша көбірек жұмсауға жұмыстанудамыз. Алғашқы апталарда топта балалар шулайтын болса, бүгінгі күні әрбір бала ертең қай жерде оқығысы келетінін кештен бастап анықтайды, еркін ойынға, кітап оқуға, қарым-қатынасқа көбірек уақыт бөлініп, пилоттық жоба соңында балалардың даму бағыты өзгеше жақсы жаққа өзгерді деп айтуға болады.       

 Күнделікті жұмыс жоспары (қосымша 4)

      4-қосымша бойынша

      Пилоттық жоба барысында сан түрлі тәрбиешілердің қиындықтары болды, бірақ эксперимент барысында сол қиындықтармен тәрбиешілер түрлі бағытта өздерін трансформациялау мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізілді. 4-қосымшаны толтыру барысында қиындықтар мен ұтымды тұстар анықталып, жұмыстар жүргізіліп отырды.

Атап айтатын болсақ:

— Жоба барысында балалардың санының көптігі және балаларға еркіндік, таңдауға мүмкіндік бере отырып сол бойда оларды жинақтау да қиындыққа түсті.

— Кеңістіктік ортаны бала санына сәйкестендіру арқылы балалардың қызығушылықтарын да ескере отырып әрқашан үшінші тәрбиешінің орнын атқаратын дамытушы ортаны жасақтау бастапқы кезде қиындық тудырғанымен, эксперимент соңында бала қызығушылығын бақылау арқылы анықтап алып жасақтадық. Балалар қазіргі таңда топтың ішінде өз қызығушылықтарын тауып өз беттерімен дамып жұмыстанып үйренуде және бұл балаларға өте қызықты.

— Ойын арқылы оқытуды жүзеге асыру мақсатында ортаны үнемі жаңартып, толықтыру болды.

— Материалдық базаны көбейту мүмкіндігі болса жақсы болар еді, себебі балаларды жан-жақты дамыту үшін әрқашан заттық дамытушы ортаны балалар қызығушылығына қарай апта сайын ауыстырып отыру қажет.

— Пилоттық жобаның қиындықтарын анықтау барысында жұмыс регламентінің ұзақтығы тәрбиешілердің физикалық тұрғыда және жүйке жүйесінің демалмауы қиындық тудыратынын анықтадық.

ІІІ. МДҰ әдіскері, психолог маманының бақылауы (қосымша 3).

Бақылау тобымен салыстырмалы талдау.

        3-қосымша бойынша Әдіскердің бақылауы негізінде  «Екі тәрбиеші» пилоттық жобаға қатысушы тәрбиешілер жұмыстары күн тәртібі негізінде бақыланды және қорытындыланды. 3 қосымша сұрақтары негізінде бақыланып жетістіктер мен кемшілікетер анықталып уақытылы ескеріліп түзетіліп, басқа жаңаша бағыт қарастыру жөнінде ұсыныстар беріліп отырылды. Пилоттық жоба кезіндегі жұмыс құрылымын түсінуімізге осы қосымшада көрсетілген сұрақтар көмекші құрал болды және маңызды бағыттарды анықтауға, балаларға ықпал ету мен тиімділікті бақылау үшін өте қолайлы болды. Ойын сабақ арқылы білім беру мазмұнды пәндік-кеңістіктік дамытушы ортаны ұйымдастыру өте маңызды рольді атқарды, себебі балалардың өздерін еркін ұстап қызығушылығын оятуда және жан-жақты дамуына үлкен септігі тиді. Пәндік-кеңістіктік ортаны ұйымдастыру өте маңызды рөл атқарады, өйткені ол балалардың еркін мінез-құлыққа деген қызығушылығын оятып, олардың жалпы дамуына ықпал еткендігін өз көзіммен көріп бақыладым.Тәрбиешілер жоба барысында балаларды оқыту үшін  түрлі ойындарды пайдаланды, бірақ бастапқы уақытта тәрбиеші жағынан бұйрықтық бағыт беріліп отырды, балаларды жинақтау немесе еркін таңдау жасату қиындық тудырды. Тәрбиешілер өздерінің іс- тәжірибелеріне сүйене отырып заттық-кеңістіктік дамытушы ортаның көмегімен балалармен қарым-қатынас жасау және олар үшін жақсы оң тәжірибе ұйымдастыру арқылы, балалардың дамуына жағдай жасауда. Балаларға арналған тапсырмаларды, кітап түрлерін баланың дамуына сәйкестендіріп алып отырды. Балалар жоба соңында  мәселені алдын ала таңдап, іс-әрекет әдісін жоспарлай отырып, өз бетінше шеше алды, оны аяқтағаннан кейін балалар өз жұмысының нәтижесін талдап үйренді. Егер бұл әрекеттердің мәні мынада болса, балалар өте күрделі әрекеттерді өздері орындай алады. Пилоттық жоба барысында тәрбиешілер баланы жақсы біліп меңгеруге тырысты. Сонымен қатар бір мезгілде күрделі, бірақ қолжетімді  болып табылатын мақсаттарға жетуіне мүмкіндік берді. Тәрбиешілер оқытудың барлық әдістерін балалардың жасына және даму сатысына сәйкес қол жетімді етіп жасақтады. Топтағы балалардың дамуына сәйкес келетін тәжірибелерді түрлі бағытта және деңгейде ұсынып беріп отырды. Тәрбиешілер жоба барысында әр минут сайын балалармен іс-әрекеті мен қарым-қатынасы оқу мен дамудың нәтижелерін қарап бақылап, анықтап отырды.

Біздің Тәрбиешілер балалардың ынталану, жинақтылық, сенімділік, тәуелсіздік, физикалық жайлылық, көптеген дағдыларды игеру, жоғары сатылы ойлау, әлеуметтік қарым — қатынас және құрмет сияқты қасиеттерін дамытуға күн сайын назар аударып, өздерінің әрі қарай жұмыстарын апта сайын жоспарлап отырды.

Балаларды оқыту және олармен байланыс орнату балаға бағытталып отырды. Жоба барысында көптеген қиыншылықтар да болды, бірақ уақытында бақыланып жаңаша бағытқа өзгертіліп отырды.

ІV. Аймақтық әдіскердің бақылаулары (қосымша 5). Бақылау тобымен салыстырмалы талдау.

V. Ата-аналар сауалнамасының нәтижесі бойынша эксперименттік топтағы педагогтардың жұмысына қанағаттанушылық _81/84_%, бақылау тобында ата-аналардың қанағаттануы _70/73__% құрады. (диаграмма жасай алады)

VІ. Жұмыс қорытындысы.

  1. Бақылау нәтижелері бойынша, пилоттық жоба жұмыс жүргізуге төмендагідей мүмкіндік берді деген қорытынды жасауға болады:

— Әр баланың өз ойын, үнін естуге, бақылауға мүмкіндік берді

— Әр баланың қызығушылықтарын аңғаруға және жұмысты соған қарай бейімдеуге мүмкіндік берді

— Заттық-кеңістіктік ортада балалардың өздерін еркін ұстап, қызығушылықпен дамытуына мүмкіндік берді

—  Балалардың өз таңдауларын жасауға мүмкіндік берілді.

Қорытындылай келе пилоттық жоба соңында бұл жобаның балалардың жеке тұлға болып дамуына қосатын үлесі зор екенін түсіндік. Пилоттық жоба  аясында ECERS-R шкаласы арқылы осы аталған топ тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері сәуір-мамыр айлары бойына бақыланып, зерделенді. Пилоттық жоба  бағыты күнделікті оқу тәрбие жұмысынан өзгерек болғандықтан соған сәйкес балаларға қолжетімді, ыңғайлы, қызықты, көп функционалды заттық кеңістіктік орталар құрылып жасақтады. Балалардың қызығушылығын ояту, таңдау жасауға мүмкіндік беру және бала үнін ескеру, тыңдау мақсатында екі ай көлемінде жаңаша жан-жақты бағытта түрлі жұмыстар жүргізілді. Бұл әрине балалардың ата-аналарының қолдауымен және ұйымдастырылған біріккен жұмыстар нәтижесі болды. ҚР БҒМ «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры М.Е.Адамова 2 айлық пилоттық жоба барысында зерделеу жұмыстары жүргізіп, бақылау нәтижесімен сарапшыдан ұсыныс алып, нәтижесінде 4,1 баллдық көрсеткішпен эксперимент жұмысын аяқтадық.

     2. Жобалардың кемшіліктері немесе даулы тұстары:

— Тәрбиешілерге өз жұмысын жоспарлы түрде құруға уақыттың тапшылығы.

— Топтағы балалар санының көптігі;

VII. Шешімдері:

Ескерту . Сканерленген материалдарды талдауға тіркеңіз:

тәрбиешілердің жұмыс туралы апта сайынғы рефлексиясы;

— ДО әдіскерінің бақылау парақтары;

— облыс әдіскерінің бақылау парақтары;


«Құзіреттілік орталықтары» және «Күн бойындағы топтағы екі тәрбиеші» пилоттық жобаларының аясында Ақтөбе облысының

Ақтөбе қаласындағы «Нұрсәт» балабақшасының «Ақбота» тобындағы эксперименттік алаң жұмысын бақылау

Сарапшы М. Адамова

20 сәуір 2022 жыл

«Ақбота» ересек жастағы балалар тобында (4 жастан) тізімге сәйкес 30 бала бар. Бақылау жүргізілген күні топта 22 бала болды. «Ақбота» тобындағы тәрбиелеу мен білім беру қазақ тілінде жүргізіледі. Аталған топта «Күн бойындағы топтағы екі тәрбиеші» пилоттық жобасынақатысушы тәрбиешілер: Утегулова Майра Турешовна, еңбек өтілі 36 жыл, жоғары білімді, жоғары санатты педагог; Тасмағамбетова Гүлбақыт Қожабергенқызы, еңбек өтілі 10 жыл, жоғары білімді, екінші санатты педагог.

         Бақылау таңертеңгі 8 сағ 12 мин басталды.

         Бұл уақытта таңертеңгі қабылдау жүріп жатты. Балаларды қабылдау кезінде байқалған назар аударуды қажет ететін сәттер:

  1. Балалардың үніне құлақ аспау («апай мен Айдар емеспін» деп бірнеше рет қайталаған балаға тәрбиеші назар аударған жоқ).
  2. Балалардың нақты айналысатын ісі болмады, еркін ойнауға да жіберілген жоқ. Тәрбиешінің нұсқауымен бірнеше жаттығулар жасалды, бірақ олардың ережелері балаларға түсініксіз жеткізілді және аса қызықты болған жоқ.
  3. Гүлзардың жанында табиғат, ауа-райы туралы қысқа әңгімелесу болды, бірақ күнде қойылатын дәстүрлі сұрақтар, балалардың жаттанды жауаптары орын алды, педагогтың өзі айтып және балалардың жауаптарын күтпестен өзі түсініктеме беріп кете беруі көрініс тапты.
  4. 08.27-08.32 аралығында балабақша ауласында әуенмен таңғы жаттығу жасалды.
  5.  08.32-08.39 аралығында балалар ішке кіріп, киімдерін ауыстырды.
  6. 08.39 сағ. 2-ші педагог қосылды.
  7.  08.39-08.41аралығында 2 минут бойы тәрбиешілер балалардан «қолдарыңды жудыңдар ма?» деп  сұраумен болды, бірақ дәретхана бөлмесіне барып, олардың қолын дұрыс және сабындап жууын қадағалаған жоқ.

Топта 2 тәрбиеші жүрсе де, режимдік сәт қадағалаусыз қалды. Балалар даладан келгеніне қарамастан, кейбіреуі қолын жуды, ал кейбіреуі жуған жоқ. Топ ережесінде даладан келгеннен кейін дәретханаға ер балалар мен қыздарды бөлек кіргізуді әдетке айналдыру ұсынылады. Себебі, дәретхана унитаздарының арасы бөлінгенмен, алдынан жабылатын есіктері жоқ.

  • Балаларды беті-қолын жууға ынталандыратын, олардың есінде қалатын қысқа шумақтар, әуенді қайырмалар қолданылған жоқ.
  • 08.41-08.52 аралығында таңғы ас ішілді.

Таңғы ас кезінде тамақтанып болған балалардың тұруына рұқсат етілген жоқ және «ас қайтару» рәсімі жасалды. Балабақшадағы режимдік сәтте балаға «ас қайтарту» қаншалықты дұрыс? Балаларға ұлттық құндылықтарды бере отырып, олардың бұрмалануына жол беруге болмайды. Біріншіден, бұл отбасылық дәстүр. Екіншіден, бала отбасы мүшелерінің, үлкеннің орнын және олардың рәсімдерге қатысты жолын санасына сіңіруі керек.

  1.  08.52-08.55 Гигиена. Топқа қайтып келгеннен кейін, тағы да балалар қол жуатын бөлмеде тәрбиешісіз, өз беттерінше дәретханаға барып, қолдарын жуды. Режимдік сәт қадағаланған жоқ. Кейбір балалар қолын жумай шықты. Таңғы астан оралғанда бірден топқа кіріп отырған 6 бала қол жууға барған жоқ.
  2. 08.55-09.08 аралығында 1 тәрбиеші балалар шешінетін бөлмеде кітаптан «қоян туралы ертегі» және «мақта қыз» ертегісін оқыды.

Балалар алыс отырғандықтан, кітап оларға көрінген жоқ және суреттері жоқ. Тәрбиешінің қолында қосымша көрнекіліктер болмады, балаларды қызықтыратын тәсілдер қолданылмады. Балалар кітапқа қызықпады және олар бұл ертегілерді жатқа біледі. Ұсыныс ретінде, балалармен әңгімелесу және олардан қандай мультфильмдер көретінін, үйде оларға қандай кітаптар оқып беретінін және кім оқитынын, қандай ертегілер тыңдайтындарын, не қызықтыратынын сұрау ұсынылады. Бұл уақытта 2-ші тәрбиеші топта ҰОҚ өткізу үшін қажетті материалдарын дайындап жатты. Сондықтан, балалар үшін, осы аралықтағы 13 минут тек күту уақыты болып қалды және күн режиміндегі негізгі ойын сабақтарының алдында оларға қосымша салмақ болды. Әрі қарай, олар тез шаршап, жалыға бастады.

  1.  09.10 сағ тәрбиешілер топты шағын 2 топшаға бөліп алып, жартысымен «математика негіздерін», ал екінші жартысымен 2-ші тәрбиеші аулада «шығармашылық» білім саласы бойынша ҰОҚ топтық жұмыс түрінде жүргізді. Одан кейін топтар орын ауыстырды. Арасында қысқы бақта серуенде болды.

Пилоттық жобадағы эксперимент шартының бұзылуы орын алды. Себебі, 2 тәрбиеші топты екіге бөліп алып, бақылау барысының басынан аяғына дейін, бір-бірінен бөлек жұмыс жасады. Бұл жерде педагогтердің жұптық жұмысы, бір-бірімен ынтымақтастығы, топтағы балалардың бір-бірімен қарым-қатынасының деңгейі көрінген жоқ. Тәрбиешілер өздерінің қалыпты тәжірибесіндегі режимге ыңғайлану арқылы бір-бірінен тәуелсіз жұмыс жасады, екі шағын топтағы балалар араласқан жоқ.

«Ойын арқылы оқыту» педагогтың бастамасымен алдын ала дайындап  әкелген тапсырмаларын орындаумен шектелді:

«Математика негіздері»

  1. ұйымдастыру сәті. Әуенмен сандарды қайталау (Теледидар арқылы);
  2. сандардың ретін табу (1-ден 5-ке дейін);
  3. кері санау (5-тен 1-ге дейін);
  4. көрші сандарды табу;
  5. сергіту сәті «қазым, қазым қаңқылда!»;
  6. асықтарды тізу, санау (жеке жұмыс);
  7. сағат тілін таныстыру (1-ден 5-ке дейін);
  8. «көңіл-күйің қалай?» (кері байланыс).

Бөлменің безендірілуі, қызығушылық аймақтарының материалдары топтық немесе жеке жұмыста баланы бағыттау арқылы, баланың бастамасын қолдау арқылы пайдаланылмады. Орта өте ұзақ дайындалды және біржақты педагогтың ойластырған жоспарын іске асыру әрекеті болды.

«Шығармашылық»

  1. бояуға картоп кесіндісін  салып, батырмамен қағазға бастыру арқылы ханқызы қоңызын бейнелеу;
  2. шыбын мен ханқызы қоңызының суреттерін көрсету арқылы олардың ұқсастықтарын табу;
  3. сергіту сәті. Түрлі-түсті шаршы кесінділерінен түсті таңдау арқылы асфальттағы боялған текшелерден өз орнын табу.

Педагог өз жұмысында жәндіктер әлемінің көптүрлілігін көрсетіп, балалардың сөздік қорын, ойын, қиялын, танымын дамытуға ықпал етпеді. Таңдау мүмкіндігі, әңгімелесу жеткіліксіз болды. Шаблонмен жұмыс жасалды, барлық бала бірдей ханқызы қоңызын бейнеледі. Әр баланың жұмысының ерекшелігі туралы айтылған жоқ, олардың ойы мен пікірі сұралмады. Қазақ тобы болғандықтан, орысша сөйлеген балалардың қазақша сөздік қорын толықтыруға жұмыс жасалу керек.

Топқа қайтып бара жатқанда, балалар жолда нан қиқымына үймелеген құмырсқаларды көріп, бақылады және сұрақтар қойды. Тәрбиеші жауап бергенмен, балалардың қызығушылығына мән берген жоқ. Нәтижесінде балалар құмырсқаларды аяқтарымен таптап, басты. Ол жерде нан қоқымы да жатты. Тіршілік иесінің өміріне қиянат жасамау туралы, нан қоқымын баспау туралы айтылған жоқ. Осылайша, өте маңызды тәрбиелік сәт педагог назарынан тыс қалды.

10.05-10.10. Гигиена (толық сақталған жоқ).

10.10-10.20 Қысқы бақта демалу. Балалармен әңгімелесу (2-ші жартысы топтың).

         Тәрбиешілер балалардың арасындағы конфликт жағдайларын шешуге тырыспайды. Шиеленістердің алдын алуға дайын емес, себебі балалардың іс-әрекеттерін толық бақылай алмайды. Топ ережесі жоқ. Ойыншыққа таласқан балаларды кезекпен ойнауға, сұрауға, бірге ойнауға үйретуге әрекет жасалмады. Медина мен Мирастың арасындағы келіспеушіліктер тек екеуін ажыратумен, қолындағысын Мирасқа алып берумен шектелді. Үлкейткіш әйнекпен жапырақты, жәндіктерді бақылаған кезде де Мединаның өтініші орындалмады. Мұндай көріністердің жиі қайталануы балалардың тұйықталып, көңілі қалуына, іштей күйзеліске түсуіне әкеледі.

Топ бөлмесінде қалған балалар ойыншықтарын жинады, тәрбиешіге көмектесті.

Топ бөлмесіндегі жұмсақ төсеніш көлемі барлық балалардың санына есептегенде, кішкентай. Балалардың ойнаған кезде отыруына келмейді. Терезеден күн сәулесінің түсуін реттейтін перде немесе жалюзи жоқ. Вентиляция ауа айналымын толық реттей алмайды.

10.20-10.28 Дене шынықтыруға дайындалу. Киім ауыстыру, даладағы алаңға шығу.

10.28-11.01 «Дене шынықтыру»

10.28-10.35 Денені қыздыру.  Жаттығу жасату.

10.35-10.38 Шынықтыру жаттығулары.

10.38-10.59 Кедергілерден өту (негізгі жаттығулар, спорттық ойындар).

10.59-11.01Сапқа тұру. Қоштасу. Топқа қайту.

11.06-11.10 Су ішу. Ауладағы топтың шатырына бару.

11.10-11.28 Табиғатты бақылау.

Тәрбиеші көктеп келе жатқан ағаш туралы айтты. Бірақ балалар тастардың арасындағы жәндіктерді, олардың ұяларын, қозғалысын бақылауға көшіп кетті. Тәрбиеші балалардың бастамасына еріп, оларды қолдап, әрі қарай үлкейткіш әйнек арқылы оларды бірге бақылады. Бірақ балалар таласқан кезде, назардан тыс қалған балаларға мүмкіндік берген жоқ. Барлық балаларға бақылап көруге мүмкіндік беру үшін ереже ойластырылған жоқ.

11.28-12.00 Еркін ойын (құмда ойнау, ойыншықтармен, тәрбиешімен жеке ойындар ойнау).

12.00-13.00 Топқа қайту. Гигиена. Түскі ас.

13.10-15.10 Түскі ұйқы.

15.10-15.30 Ояну. Ас ішу.

15.30-17.00 Еркін ойын.

         Тәрбиешілер ойын кезіндегі балалардың іс-әрекетін бақылауға, сол арқылы олардың бір-бірімен қарым-қатынас орнатуын көруге, келіспеушіліктердің алдын алуға немесе жанжалға айналдырмай шешуге, балалар ойын жеткізу үшін оларға жетекші сұрақтар қоюға үйренуі керек.  Балалардың бастаған ойынын аяқтауға мүмкіндік беру, олардың бастамаларына шынайы қызығушылық таныту, балалардың ойын айтқызу, тілін дамыту, жасына сәйкес сөздік қорын толықтыру, балаларды көбірек сөйлету және жаттанды жауаптардан арылу, баланың жауабын күту және әрі қарай сұрақ қою арқылы сөйлету – аса маңызды.

17.00 Ойыншықтарды бірге жинау, ұқыптылыққа үйрету. Аулаға серуенге шығу. Үйге қайту.

Талқылау кезінде қойылған сұрақтар:

  1. Ойын арқылы оқыту болды ма?
  2. Тәрбиешілердің балаларды екі топқа бөліп алу арқылы жаңа жағдайға бейімделуі қаншалықты дұрыс? Бұл қалыптасқан практикадан шықпауға іштей икемделу емес пе?
  3. «Орта құрылды». Орта қолжетімді болды ма?

Ұсыныстар:

  1. Тәрбиеші балалардың үніне құлақ асуы және балаларға назар аударып тыңдау қажет.
  2. Тәрбиеші балалардың нақты айналысатын ісін анықтау және еркін ойнауға уақыт беру қажет. Ойын ережесі түсінікті әрі балаларға қызықты болу керек.
  3. Тәрбиешінің балаларға жан-жақты танымдық сұрақтары болуы және баланың толық жауабын күтіп, тыңдау қажет.
  4. Гигиена. Режимдік сәт кезінде мәдени – гигеналық талаптарды орындау барысын тәрбиешінің өзі қадағалауы қажет.
  5. Топ ережесінде даладан келгеннен кейін дәретханаға ер балалар мен қыздарды бөлек кіргізуді әдетке айналдыру ұсынылады.
  6. Балаларды беті-қолын жууға ынталандыратын, олардың есінде қалатын қысқа шумақтар, әуенді қайырмалар қолдану ұсынылады.
  7. Балаларға ұлттық құндылықтарды бере отырып, олардың бұрмалануына жол бермеу және балаға отбасы мүшелерінің, үлкеннің орнын және олардың рәсімдерге қатысты жолын санасына сіңіруі керек.
  8. Кітап оқу барысында  балаларды қызықтыру мақсатында қосымша көрнекі құралдар ұсынылуы қажет. Ұсыныс ретінде, балалармен әңгімелесу және олардан қандай мультфильмдер көретінін, үйде оларға қандай кітаптар оқып беретінін және кім оқитынын, қандай ертегілер тыңдайтындарын, не қызықтыратынын сұрау ұсынылады.
  9. Ойын сабаққа арналған құралдарын тәрбиешілер уақытты үнемдеу мақсатында алдын – ала дайындау ұсынылады.
  10. Пилоттық жобадағы эксперимент шартын сақтау мақсатында екі тәрбиешінің жұптық жұмысы, бір-бірімен ынтымақтастығы болуы және топтағы балалардың бір-бірімен қарым-қатынасының деңгейін көре білу ұсынылады.
  11. «Ойын арқылы оқыту» кезінде педагог пен балалар арасында кері байланыс болуы және  бөлменің безендірілуін, қызығушылық аймақтарының материалдарын топтық немесе жеке жұмыста баланы бағыттау арқылы, баланың бастамасын қолдау арқылы пайдалану ұсынылады.
  12.  Ойын — сабақ барасында балаларға таңдау мүмкіндігі болуы, әңгімелесу жеткілікті болуы және әр баланың жұмысының ерекшелігі туралы айтылуы, олардың ойы мен пікірін сұрау ұсынылады.
  13. Қазақ тобы болғандықтан, орысша сөйлеген балалардың қазақша сөздік қорын толықтыруға жұмыс жасалу керек.
  14. Педагог балалардың қызығушылығына мән беріп, толықтай тәрбиелік мәні бар тақырып негізінде түсінік беру қажет.
  15.  Тәрбиеші балалардың іс-әрекетін толықтай бақылай отырып,балалардың арасындағы конфликт жағдайларын шешу, шиеленістердің алдын алу, баланың ойын тыңдау және топ ережесін жасақтау ұсынылады.
  16. Топ бөлмесіндегі жұмсақ төсеніш көлемі барлық балалардың санына және ойнаған кезде отыруына сәйкес болуы, терезеден күн сәулесінің түсуін реттейтін перде немесе жалюзидің болуы, вентиляция ауа айналымын толық реттей алуы қажет.
  17. Тәрбиешілер ойын кезіндегі балалардың іс-әрекетін бақылауға, сол арқылы олардың бір-бірімен қарым-қатынас орнатуын көруге, келіспеушіліктердің алдын алуға немесе жанжалға айналдырмай шешуге, балалар ойын жеткізу үшін оларға жетекші сұрақтар қоюға үйренуі керек. 
  18.  Балалардың бастаған ойынын аяқтауға мүмкіндік беру, олардың бастамаларына шынайы қызығушылық таныту, балалардың ойын айтқызу, тілін дамыту, жасына сәйкес сөздік қорын толықтыру, балаларды көбірек сөйлету және жаттанды жауаптардан арылу, баланың жауабын күту және әрі қарай сұрақ қою арқылы сөйлету ұсынылады.
  19. Ойын арқылы оқытуды жүзеге асыру және балаларға ортаны қолжетімді ету ұсынылады.

Сарапшы:                                                                     Адамова М.Е.

Ақтөбе облысының өңірлік әдіскері:                                  Жамансарина Р.С

№33 «Нұрсәт» балабақшасының

меңгерушісі:                                                                           Кусмамбетова Б.К

Әдіскер:                                                                                   Сатенова Г.О